Әл-Фарабидің мемлекет басқару философиясы
DOI:
https://doi.org/10.52123/1994-2370-2023-1122Түйін сөздер:
Әл-Фараби, саясат , философия , мемлекеттік басқару , Орталық Азия , қоғамАңдатпа
Бұл мақала философ әл-Фарабидің идеалды басшының айрықша қасиеттерін концептуалды түрде қалай түсініп сипаттағанын көрсетуге арналған. Ғұлама бақытты қоғам құру мақсатын көздейтін басшы, билік, мемлекет басқару туралы түсініктерін кеңінен сипаттайды.
Әл-Фарабидің пікірінше, саясат билікпен емес, алдымен мораль мен этикамен тығыз байланысты. Бұл тұрғыдағы әл-Фараби саясатының негізгі өзегі — этикалық қоғам туралы іргелі идеясы болып табылады. Әл-Фараби үшін өз теориясын жүзеге асырудан гөрі этикалық мемлекет құру идеалы маңыздырақ. Оның этика тұжырымдамасы ізгі қоғамға айналу арқылы шынайы бақытқа ұмтылуды білдіреді. Сонымен, әл-Фарабидің саяси философиясы бойынша, басты назар қиялдағы мүмкін нәтижелерден гөрі этиканы жүзеге асырудың моралдық негіздері мен процесіне шоғырлану қажет. Ғалымның ойынша, бұл идеалдарға бағытталған этикалық қоғам құру өте маңызды қажеттілік. Этикалық қоғамдар саяси, экономикалық және әлеуметтік дағдарыстарға әдеп деңгейі төмен қоғамдарға қарағанда төзімдірек келеді. Егер мемлекет өз азаматтарының мораль мен этикаға сәйкестігін заңдар немесе жүйелер арқылы қамтамасыз ете алса, саяси биліктің тұрақтылығы мемлекеттің ең маңызды және орталық мәселесі болмас еді. Оның үстіне, барлық азаматтар ненің жақсы, ненің жаман екендігі туралы алдын-ала мәмілеге келген жағдайда, саяси қақтығыстар азайып, қоғамдық келісім шындыққа айналу ықтималы күшейеді. Философтың түсінігінде саясат билік ұғымынан гөрі, этикамен мен моральмен тығыз байланысты.
Философтың ойынша, рационалды бақыт пен парасаттылық деңгейіне жету үшін басқарушы тұлға көпшілікті саналы өмір сүруге көндіре отырып, әлеуметтік ортаға ақылмен жауап беруі тиіс. Ең бастысы, қарым-қатынас жасай білу және адамдарды ортақ игілікке жұмылдырып, қол жеткізетін қимылдарға бағыттау.